Екінші курс басталғалы бері топпен «Қиял әлемі» саябағына баруды жоспарлап жүргенбіз. Сонымен, сәті түсіп кезекті бейсенбі күннің кешінде саябаққа баратын бодық. Өзіміз сабақтан шаршап шыққанбыз, автобусқа отыруға ерініп, такси ұстадық. Қол соза бергеніміз сол еді қасымызға қызыл түсті, volkswagen маркалы машина келіп тоқтады. Есігін ашып қарасам көлікті жүргізіп отырған орта жастағы тәте екен. Қыз балалардың көлік жүргізіп жүргенін көрсем де,әйел таксисті бірінші рет көрдім. Баратын жер мен бағасын келіскеннен кейін саябаққа қарай тартып кеттік.
Көлікке мінгенде әтірдің хош иісі мұрныңа бірден келеді. Әрі әйел затына лайықталған шағын машинаның іші жайлы және әдемі екен. Айнаның астында ілініп тұрған туға көзім бірден түсті. Іштей патриот ханымдардың бірі екен ғой деп түйіндедім. Біз артта отырып күбірлеп сөйлеп отырмыз. Аздан соң апай әңгімемізге араласты.
- Сендерді көріп студенттік шағым есіме түсіп отыр. Қай мамандықта оқисыңдар? Біз таласа:
- Журналистика!
- Керемет! Сабақтарың қалай?
- Жақсы!
- Студенттік шаққа ештеңе жетпейді, сол үшін сабақтарыңды да оқыңдар, қыдырыңдар да! Бірақ мамандықтарың бойынша болмаса басқа жұмысқа араласпауға тырысыңдар. Мына маған ұқсап қалмайсыңдар сонда. Біз аң-таңбыз. Әп- әдемі апай, неге бұлай айтты екен деп отырмыз.
- Апай, неге олай дейсіз?
- Мен де сендердей студент болғанмын. Бірақ ол кезде заманның ауысып жатқан кезі болды да мен саудамен айналысып кеттім. Содан бері өз мамандығыммен жұмыс істеген жоқпын, өзім «инязды» бітірген едім.
- Неге жұмыс іздеп көрмедіңіз? Табуға болатын еді ғой.
- Саудамен бір рет айналысып бастаған адамның саудадан кетуі қиын болады екен. Күніге қолыңа ақша түсіп үйреніп қаласың да, айлық жалақыны күтуге шыдамың жетпейтіндей болып көрінеді. Қазір мамандығы бойынша жұмыс жасап жатқан адамдары көріп қызығамын. Өзімнің де балаларымның мамандығымен жұмыс жасағанын қалаймын. Сендер де солай істеңдер!
- Ия апай, біз онсыз да журналист боламыз деп жүрміз ғой. Осылайша әңгімеміз енді қыза бастағанда, діттеген жерімізге жетіп те қалыппыз.
- Ал қыздар, жолдарың болсын!
- Сау болыңыз, апай! Рахмет сізге! Сіздің де жолыңыз болсын!
Машинадан түсе салысымен қызық қуып кетіп қалдық. Кейіннен барып ойлансам, апай шынында да дұрыс ақыл айтқан екен. Студенттік шақта ақшаның жолына түсіп кетпеу керек. Жұмыс жасасаң да мамандығыңа байланысты жасауға болады, ал басқалай керек емес. Студенттік тамаша өміріңді қызықсыз өткізсең, жұмыс жасап үлкен өмірге ерте аралассаң, ертеңгі күні күліп еске алатын оқиғаң да болмайды екен ау…